Шокенова Назым Касымбековна
учитель информатики ОСШ №33 села Қарабұлақ Каркаралинского района Карагандинской области
Елбасы өз сөзінде: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, болашақты білімді ұрпақ айқындайды, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаз қолында» деп атап көрсетті. Қазіргі таңдағы мақсатымыз жаңа кезеңде жас ұрпақты тәрбиелеудегі актуалды мәселелерді тиімді шешілуін ұйымдастыру.Еліміздің болашағы - ұрпақ тәрбиесінде. Бүгінгі таңда оқушыға цифрлік әлемде ғылым мен прогресс деңгейіне сәйкес білім мен тәрбие беру, оның рухани байлығы мен мәдениеттілігін, ойлай білу мүмкіндігін жетілдіру, сонымен қатар әр адамның кәсіби біліктілігі мен білімділігін, іскерлігін арттыру әділетті қоғамның міндеті болып табылады.
Елбасының «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласында халықтың рухани жаңаруына ерекше маңыз берілген. Сондықтан жан-жақты жетілген, дүниесі бай, белгілі дәрежеде ғылыми білім жүйесін игерген және оны бағалай, талдай алатын, өзге халықтардың тарихын, мәдениетін, тілін меңгерген, өздігінен денсаулығын нығайтуға, адамгершілік қасиеттерін, эстетикалық талғамын дамытуға ынтызар, өмірдің қилы кезеңдерінде дербес еңбек етуге даяр ұрпақты тәрбиелеу ең басты өзекті мәселе.
ХХІ ғасырдың табалдырығынан аттаған Қазақстан әлемнің дамыған елдерінің қауымдастығына жалпы әлемдік, саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-мәдени құрылымдарға кіруге бет алды. Сондықтан еліміздің туын биікке көтерер келер ұрпақтың білімді, білікті, ұлтжанды, жоғары мәдени, биік адамгершілік пен рухани қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу - адамзат алдындағы басты міндет.
Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында оқушылардың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, әлеуметтік жауапкершілікті, отансүйгіштік сезімді, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру басты назарға алынған.
Рухани-азаматтық тәрбие сәбидің бойында ең алдымен, анасына, өз отбасына, үйіне, туған жеріне деген жылы сезімнен бастау алатын, тұлға өскен сайын біртіндеп ұлт, халық, әлеумет, мемлекет деңгейіне көтеріле беретін бүкіл ғұмырына жалғасып жатады. Мектеп қабырғасынан бастап, рухани адамгершілігі мол азаматты тәрбиелеу жұмысы өз алдына бірқатар міндеттер қойылады:
Мемлекеттік тілді оқыту;
Ұлттық мәдени мұраны игеру;
Қазақстан Республикасы рәміздерін құрметтеу;
Қазақ халқының тарихын терең меңгеру;
Салт-дәстүрлерді қастерлеу, мәдени рәсімдерді орындай білу
Осы міндеттер жалпы адамзаттың және ұлттық мәдениетті бойына сіңіре білген рухы биік, жігерлі, нағыз отансүйгіш білімгер тәрбиелеудің жаңа жүйесін қалыптастыру мақсатына бағытталған.
Оқушы бойына рухани-азаматтық сезімнің қалыптасуы отбасы тәрбиесі мен балабақшадан бастау алатыны айқын. Оқушы отбасында патриотизмге тәрбие-леу, ана тілін үйрету, ұлттық мінез-құлық қалыптастыру, ұлттық салт – дәстүрді сақтауға баулу, шыққан ата тегін білуді таныту - ата - ана парызы.
Халқына құрмет, тарихи дәстүрлерге адалдық, сондай ақ туған жеріне, Отанына деген сүйіспеншілік сияқты перзенттік борыш тұлға бойына сәби шағында дарыса, бұл қасиеттер өсе келе, әрі қарай дамып, қалыптасуына қолайлы жағдай туғызады. Халық педагогикасының негізгі қағидалары және оның ғылыми педагогикамен байланысына тоқтала келе, «Сегіз қырлы, бір сырлы» толық адам тәрбиелеу қағидаларын төмендегі кесте түрінде жүйелейді:
Ақылды, арлы, намысшыл азамат болуын қарастыру.
Еңбексүйгіш, елгезек етіп тәрбиелеу.
Тән сұлулығын қарастыру, әсемділікке баулу.
Адамгершілік қасиеттерге (ізгілікке, имандылыққа) баулу
Отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, бүкіл адам баласын сүюге тәрбиелеу
«Жігітке жетпіс өнер де аз», «Өнер - өрге сүйрелейді» деп қарап, өнер мен білімді насихаттау.
Табиғат пен қоршаған ортаны аялауға тәрбиелеу.
Дене шынықтыруға тәрбиелеу.
Бүгінгі таңдағы Қазақстан жайында оқушылардың рухани азаматтық сезімін қалыптастырудың, адамгершілікке негізделген ұлтаралық береке, бірлікті, ынтымақтастықты, бейбітшілікті нығайтудың маңызы зор. Осыған байланысты оқу- тәрбие үрдісінде оқушыларды отансүйгіштікке, ерлікке, адалдыққа, елін, жерін қорғауға, шыншылдыққа тәрбиелеу қажет.
Тәрбиенің жалпы негізі рухани-азаматтық құндылықтары болуы керек. Рухани-азаматтық құндылықтар үлкен мен кішінің арасындағы шынайы қарым-қатынас кезінде бала бойына дариды. Ал мұғалімнің басты мақсаты - өзіндік рухани-азаматтық құндылықтарын оқушы бойына дарыта отырып, оның жүрек түкпіріндегі рухани қазынасын жарыққа шығару, әрбір баланы жеке тұлға ретінде жетілдіру үшін оның бойындағы бар құндылықтарды дамыту. Мектептегі, сабақтан тыс уақыттағы біздің ісімізді жалғастыратын жеке тұлға болып табылатын оқушыларды рухани-адамгершілікке, азаматтық жүйеге тоғыстыру.
Мектеп қабырғасында жақсы тәрбиеленген, саналы білім алған шәкірт өмірде өз орнын табады. Ол үшін ең әуелі ұрпағымызды бала кезінен-ақ ұлттық тәлім-тәрбиеге, рухани адамгершілік әдетке, азаматтық мәдениетке баулу керек. Сонда жас ұрпақ елі үшін елең қағар азамат, имандылық қасиеттерді жақсы білетін азамат болып қалыптасады.
Қазір қоғам жан-жақты үйлесімді жетілген жаңа ұрпақты – жаңа адамды тәрбиелеуді талап етеді.
Қоғам талабы – заман талабы. Өйткені «Әр адам - өз заманының баласы». Сол себепті адамды заман билейді, заманына сай заңы туындайды.
Бүгінгі жаһандану үрдісі жүріп жатқан жағдайда ұлттық тәрбие, ұлттық рухты сақтап қалу үлкен міндет. Олай болса, рухани байлыққа ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрлерімізді жатқызсақ, тіл - қазақ болуымыз үшін, дін - адам болуымыз үшін, салт-дәстүр ұлт болуымыз үшін қажет.
Рухани-азаматтық тәрбиесі өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, өзін-өзі заңды, әлеуметтік, ізгі және саяси әрекетке қабілетті сезіну мүмкіндігін беретін тұлғалық интегративтік қасиетін, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және қалыптастыруды болжайды.